Біз көмекке зәру адамдарды тауып, оларды қажетті мамандармен кездестіреміз.

Мен Сәтпаев қаласының тумасымын. Мектепті аяқтаған соң Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне түстім. Бүгінгі күнге дейін сол жерде білім алудамын. Қазір хирург-интернмын. Медицина саласын отбасымды ойлағандықтан бардым. Біздің арамызда дәрігерлер жоқ, емделушілер ғана бар.

Осыдан бірнеше жыл бұрын досымыз екеуіміз инсультті бастарынан өткерген отбасына көмектестік. Науқастың туған-туысқандары ақкөңіл, ақжарқын адамның бір сәтте бұл қасиеттерінен айрылып, мүлдем басқа адамға айналғанын көріп абыржулы еді. Адамдар жиі өздеріне қажетті ақпаратты интернеттен іздейді. Ал, интернетте бұл ақпарат тым көп, шектен тыс көп. Қандай да бір нақтылық жоқ. Сайып келгенде сіздің жақыныңызға оның қайсысы сай келетіндігін білу қиын. Осылайша, осыдан 2 жыл бұрын жақындары инсульт алған отбасыларға жәрдемдесу және көмек көрсету орталығын ашу туралы ой келді.

Біздің командамыз медициналық университеттің 12 студентінен тұрады. Болашақта еріктілерді тартсақ дейміз. Жұмысымызға реабилитолог және невропотолог дәрігерлер көмектеседі. Сонымен қатар бізге ЖОО да жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Қазіргі таңда жобамызға бизнес өкілдерін тарту ісімен айналысудамыз.

Әзірге тұрғындардың аз ғана бөлігін қамтып үлгердік. Өз проблемаларымыз жайлы айту біздің менталитетімізге жат дүние. Адамдар көбінесе жетістіктерімен бөліскенді дұрыс көреді. Ал бұл жерде бізге сенім арта білу аса маңызды.

Біз оңалту орталықтарымен бәсекелеспейміз. Тек орын алған олқылықтардың орнын толтыруға тырысамыз. Инсульттан кейінгі алғашқы алты ай - науқасқа барынша жәрдемдесіп, оның қалпына келуіне мүмкіндігінше көмектесуге болатын кезең. Егер бір жылдан артық уақыт өтіп кетсе, адамның сөйлеп кету ықтималдылығы төмендейді.

Адамды әлеуметтік жауапкершілікке мәжбүрлеуге болмайды. Қайта оны өз іс-әрекетің арқылы ынталандыра аласың.

Менің мақсатым – ота жасаушы хирург болу. Бірақ бұл жобаның да мен үшін орны бөлек, сондықтан оны жалғастырғым келеді. Ал арманым? Бәлкім, бақытты болу шығар – отбасымда, достарымның арасында, сүйікті жұмысымда.

(c) Тимур Коробейников

Еще герои