Мен кино жанрларын бөле-жара қарамаймын. Себебі қай жанр болмасын ол – өнер.

Мен 1984 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Аралағаш ауылында дүниеге келдім. Сол жерде қазақ орта мектебін бітірдім. 2000 жылы Петропавлда тұңғыш қазақ театры ашылып, курсқа үміткерлерді қабылдап жатты.

Жалпы, мен өзім журналист болуды армандаған едім. Бірақ әкем: «Осыған түсіп көр. Осы салада сенен жақсы маман шығады деп ойлаймын», – деген соң, сол актерлік оқуға түстім. Әлі күнге дейін осы жолды таңдағаныма еш өкінген емеспін.

Кино әлемінің мен үшін толықтай ашылмаған тұстары өте көп. Сондықтан бұл өнерге аяқ басқан күннен бастап оны зерттеумен айналысып келемін. Қанша рөлді сомадасам да оны зерттеуім жалғаса береді деп ойлаймын. Маған ең алғаш ұнаған кинолардың бірі «Крамор против крамора» болды. Оны мен бала күнімде көрген едім. Бүгінгі күнге шейін бұл кино мені қатты қызықтырады.

Өзімді шексіз бақыттымын деп есептеймін. Менің сүйікті ісім және сол ісіме деген зор сенімім бар.

Киноның қалай түсіріліп, қалай дүниеге келетінін ешкім білмейді. Ол жағы тек бізге ғана мәлім. Кез-келген өнер туындысы оңайлықпен жарық көрмейді. Бар ауыртпалық режиссер мен түсірілім тобының иығына жүктеледі. Бұл кәсіптің қызығы мен шыжығына өз ісіне бар болмыс-бітімімен шын берілген, кино десе ішкен асын жерге қоятын жандар ғана шыдай алады. Біз күн демей, түн демей айлар, жылдар бойы еңбектенеміз. Сондағы басты мақсатымыз көрерменнің көңілінен шығып, жүрегін жаулап алатын кино жасап шығару.

Қазақстандық киноның болашағы жарқын. Оған кәміл сенемін. Бүгінгі таңда оның дамуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. Тек ерінбей еңбектену қажет.

Армандарым аз емес. Меніңше, арман болмаса адам өзінің дамуында тоқтап қалады. Мен бар уақытымды, тұтастай өзімді кино өнеріне арнаған адаммын. Ендігі кезекте жанұямның, балаларымның болуын армандаймын.

Әрине, қатты қиналғанымда «шаршадым» деп айтатын кездерім болып тұрады. Алайда, ол бір-ақ сәттік әлсіздік. Ол көбіне-көп бір-екі күннен, кейде тіпті бір-екі сағаттан аспайды. Мен өз кәсібімді өте қатты жақсы көремін. Сондықтан, кейде шаршап, қажығаныма қарамастан алға жүремін. Біз Канн фестивалінде жеңіске жеткен фильмді түсіру үшін жеті жыл өмірімізді арнадық. Нәтижесі соған тұрарлық.

Адамдардың бойында адамгершілік қаситетті ерекше бағалаймын. Мен үшін ең бастысы адам болуы керек.

Маған Қазақстан білім алып, аяққа тұруыма көп мүмкіндіктер берді. Тіпті Қазақстан мен Ресейдің достық қарым-қатынасының арқасында Мәскеуге оқуға түсіп, тегін білім алдым. Жұмысқа тұрдым.

Канн кинофестиваліне барған кезде мені қырғыздың актрисасы деп ойлатын шығар дегенмін. Өйткені мен кинокартинада қырғыздың рөлін ойнадым. Бұған қоса, Ресейден келіп отырмын. Бірақ, жоқ. Қазақстанның актрисасы екенімді бірден білді.

Біздің кәсіпте бір ғана талант аздық етеді. Оған қоса, еңбекқорлық, шыдамдылық керек. Мәскеулік ұстаздарым «Өмірді сүйе біліңдер» деп айтатын. Соны естен шығармауға тырысамын.

Мен өзімді патриот адамдардың қатарына жатқызамын. Себебі мен өз елімді, өз жерімді, өз тілімді шексіз жақсы көремін. Қай жерде жүрсем де, қай елде тұрсам да, Қазақстан менің отаным болып қала береді. Туған өлкем, ауылым – маған бәрінен де қымбат.

(c) Самал Еслямова

Еще герои