Мен 17 жыл бойы ұлттық компанияда экономист болып қызмет еттім. Белгілі бір нәтижелерге қол жеткізгеннен кейін, бұдан да зор әлденені қалайтынымды түсіндім. Басқа қырымнан танылып, өзімді тұтастай бақытты сезінгім келді. Мұны мен ұлым Дани өмірге келгенде ұғындым. Бүгінгі таңда дамытып отырған ісімді оның есімімен атадым.

Нақты немен айналысқым келетіндігін ұзақ іздедім. Бала кезімнен қолөнерге ынтық болдым: қуыршақтарыма киім тігіп, әжем мен анамның киімдерін сөгіп, қайта тігетінмін. Алайда тігін саласында бәсекелестік өте жоғары. Мен әлі де болса игерілмеген саланы іздедім. Осылайша, киізбен жұмыс жасау ісіне келдім. Бірақ, бірқатар қиындықтарға тап болдым. Оның қыр-сырын меңгеруіме көмектесетін не ұстаз, не курстар таба алмадым. Сондықтан, осы күні білетінімнің бәрін Youtube-дағы роликтерден үйрендім.

Бар шеберлер әжептеуір танымал адамдар, үйреткілері келмейді. Бұл кәсіпті қалай да болса үйреніп, ықылас білдірушілерді де үйретемін деп алдыма мақсат қойдым.

Жақындарым маған: «Қайда барасың? Не үшін? Не себепті? Оның жай-жапсарын әлі білмейсің» деумен болды. Бірақ мен басқаша ойладым. Жалпы мен максималистпін: үнемі анағұрлым ауыр жолды іздеймін. Менің жаратылысым сондай болса керек.

Алғашқы жұмыстарымды Junior Fashion Kids балалар сән апталығында көрсеттім және жиналғандар топтаманы зор қуанышпен қарсы алды – толықтай сатылып кетті. Сұраныстың бар екендігін түсіндім. Әрі қарай жылжу керек деп шештім. Студия ашып, бас киімдер жасап, оларды дүкендерде сатылымға шығара бастадым. Дизайн саласында тәжірибемнің жоқтығына қарамастан, қазақстандық дизайнерлерді шетелдік нарыққа шығару бойынша кеңесшілермен ақылдастым. Кішігірім курстардан өтіп, 2018-2019 күз-қыс топтамамды Миландағы сән апталығында ұсындым. Топтаманы миландық дүкендер сатып алды. Осылайша жеке клиенттерім пайда бола бастады.

Өзім жасаған сынамалар арқылы киіздің қандай түрінен қандай заттар жасау керектігін түсіндім. Алғашқы дүниемді кию мүмкін болмады. Себебі ол тым тікенекті болып шықты. Қазіргі таңда шетелдік өндірушілердің материалдарына тапсырыс беремін. Олар 100% экологиялық таза.

Бар жұмыс қолмен жасалады, киіз сабын мен судың көмегі арқылы басылады. 44 өлшемді пәлте жасау үшін екі есе көп жүн жаю қажет. Себебі кейін ол 2 есе отырады. Ал бұл шамамен 2-3 метрге жуық кенеп. Арқамызға күш түсірмей, киізді жаю ыңғайлы болу үшін жұмысқа биіктігі 90 см болатын биік әрі ұзын үстелдер қажет.

Мен киізден жасалған киімнің нәзік жандылардың заманауи гардеробынан ойып орын ала алатындығын көрсетсем деймін. Ал ең бастысы өзіміздің салт-дәстүрімізді ұстанатындығымызды көрсету үшін күн сайын ою-өрнек тағып жүрудің еш қажеті жоқтығын жеткізгім келеді.

Бақыт – бұл жүрегің қалаған іспен айналысу. Адам өз-өзімен үндестікте болғанда, мына әлемге айтары болғанда және оны бәрі ести алғанда бақытты.

(c) Камиля Сүлейменова

Еще герои