«Ауруға емес, балаға қарап үйрену қажет».

Мектепте оқып жүргенімде күнделік жүргізетінмін және бірде «Менің махаббатым сондай зор, осы махаббатым мен күллі әлеммен бөлісе аламын» деп жазған болатынмын. Бұл жайында ешқашан ұмытқан емеспін. Университетте еріктілер қозғалысына мүше болдым. Ал кейін аниматор болып жұмыс істей бастадым. «Аурухана сайқымазақтары» жобасының Астана қаласында 2014 жылы іске қосылғанына қарамастан мен оған жуырда келдім. Мұнда адамдар үнемі ауысып отырады. Көбінің қолынан келе бермейді. Өйткені біз қауіпті ісік дертіне шалдыққа балаларға барамыз ғой. Әу-баста маған да оңай болмады. Бірақ әр кездесуге барар алдында моральдық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да дайындалып, психологтармен сөйлесіп алу аса маңызды. Әрқайсысына бірдей деңгейде уақыт пен көңіл бөлу қажет. Біздің міндетіміз – күлкі сыйлау. Тіпті жағымсыз әлденені сезінсек те өз эмоциямызды көрсете алмаймыз.

Ауруханаға кіргенімізде - бөлімшеде ұйыған тыныштық. Сол кезде жүгіре басып бөлмелерге енеміз. Балалар: «О, бұл Жу-Жу және Му-Му келді» деп айқайлай жөнеледі. Мені Жу-Жу деп атайды, себебі менің атым Жұлдыз. Көңілді сайқымазақ болғаныңа қарамастан балалар саған қарап үлкен кісіні көреді. Олар сенен қорқып, жатырқап, тығыла түседі. Бірақ сиыр: «Сәлем! Менің атым Му-Му, ал сен кімсің? Бесті әкел!» деген сөздермен кіріп келгенде, балалар жадырап сала береді. Көздері шоқтай жанып, жайнай түседі және сол кезде мен шығамын. «Менің атым Жу-Жу. Енді біз үшеуіміз доспыз!» деймін. Ойнаймыз, күлеміз. Ал қайтып бара жатқанымызда ауруханада шамшырақ жанғандай болады.

Қазір өмірімді онсыз елестете алмаймын. Балаларды, ата-аналарды көрмесем, сағынамын.

Болашақта біз аурухана сайқымазақтарының мектебін ашқымыз келеді. Бізді барынша көп адамдар білсе екен дейміз. Сонда біз әлдеқайда көп балаға қол ұшымызды бере алар едік.

Бұл жерде шығын көп емес: арнайы киім, опа-далап, адам.

Кейде өзімнің қаншалықты бақытты екендігім мені қорқытады. Менің отбасым, үйім, сүйікті жұмысым бар. Маған бақытты болу үшін көп нәрсе қажет емес.

Әрине, менің өмірімде де қиындықтар болады. Бірақ үйге оралғанымда, міндетті түрде ертеңгі күннің туатынын және бәрі жақсы болатынын түсінемін. Қолыма гитараны алып, ән сала бастаймын немесе кітап оқимын. Сөйтіп жеңілдеп қаламын.

«Мен аса рақымсыз адамдармен кездескен емеспін, бірақ ұшырасып қалғанның өзінде бүгін жолдары болмаған екен деп ойлаймын. Бәрі де болады.»

Егер адамдар бір-біріне қайырымды іс жасаса, әлемде махаббат пен жақсылық орнар еді. Мен аса рақымсыз адамдармен кездескен емеспін, бірақ ұшырасып қалғанның өзінде бүгін жолдары болмаған екен деп ойлаймын. Бәрі де болады. Қазір мен өзімнің сіңілім үшін үлгімін, дәл осылай өзгелер үшін де үлгі болғым келеді. Себебі менің жасап жатқаным игілікті іс және мен мұнымен мақтанбаймын.

(c) Жұлдыз Шабденова

Еще герои