Алғаш рет менің еңбегім 5 жасымда көпшілік мойындауына ие болды.

Ес білгелі сурет салумен айналысып келемін. Әкем сценарист еді, сондықтан анам шығармашылық адамының қандай болу керектігін және оған қалай қолдау көрсету қажеттігін жақсы білетін.

Сол себепті ол менің сурет салуға деген ұмтылысыма қарсы келмеді. Ол кезде мен мектепішілік сурет байқауына қатысқан болатынмын. Ал 7 сыныпта сурет салу үйірмесіне жазылып, 2 жыл сол жерде сурет салудың қыр-сырын меңгердім.

9 сыныптан кейін кескіндеме мамандығын таңдап, көркемөнер колледжіне оқуға түстім. Біреулер анама бұл өте жақсы мамандық десе керек, ол кісі менің құжаттарымды осы бөлімге өзі апарып тапсырды. Ал мен дизайнер болсам деп едім. Дегенмен нәтижесінде өте керемет ортаға түстім. Мықты ұстазым, өте ұйымшыл тобым болды. Кейін Т.К. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында бірге оқыдық. Сол жерде өзімнің серіктесімді кездестіріп, «Тигрохауд-крю» командасын құрдық.

Алғашында, яғни 2007 жылы граффитимен енді ғана айналыса бастағанымда бұл жай ғана әуестілік болатын. Ол кезде жастардың көбі хип-хопқа бет бұрған еді. Мысалы, менің досым Әли рэпке қызығушылық танытса, мен – брейк-данспен айналыстым. Ал граффити – бұл жанрда бірлесе жасаған дүниеміз. Бірте-бірте тапсырыстар түсе бастады да, кейін ол біздің табыс көзімізге айналды.

Қазіргі таңда Қазақстанның көптеген қалаларының қасбеттерін суреттерімізбен безендіріп тастадық. Өнеріңнің қала игілігіне айналғанын көру керемет!

Әу-баста оңай болмады. Өзіміз студентпіз. Ақшамыз бірде бар, бірде жоқ. Ал бояулар қымбат тұратын. Сурет салып жатқан жерімізден талай қуылдық. Ал біз болсақ бояу баллондарын өз ақшамызға сатып алдық қой. Көбіне-көп бізді дұрыс түсінбей, вандалдар деп ойлап жатады. Ондай жағдайлар көп болды.

«Не үшін қаншама жылымды осыған жұмсадым?! Қазір кеңсе қызметкері болып, ай сайын тұрақты еңбекақымды алып отыратын едім ғой» деп ойлаған кездерім де болды. Алайда коммерциялық тапсырыстар біздің шығармашылық ойымызды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ешбір кедергі жоқ. Өзің айналысатын ісіңді сүйіп, үнемі дамытып отыру қажет.

Ұлым дүниеге келгенде, шынымен жақсы суретші болатын кез келді деп ойладым. Өз жұмыстарымды шет елдерде көрсетіп, қазақтың өнер тарихында өз қолтаңбамды, өз атымды қалдырсам деймін. Мұнымен де тоқталғым келмейді. Балаларымның көп болғанын қалаймын. Қаншалықты көп болса, соншалық жақсы. Ұл да, қыз да тәрбиелегім келеді.

Бір ғана стильмен шектеліп қалуды қалаймын. Шынайы дүниелерді баллондармен, абстракты дүниелерді – майлы бояулармен кенепке саламын. Біз шығармашылық жұмыстарымызды өзіміздің мәдениетімізбен ұштастыра отырып, әлдебір қызықты, тосын туынды жасауға тырысамыз.

Мен тауға шыққанды ұнатамын. Белгілі бір шыңды бағындырғаннан кейін, екіншісіне көтерілгің келеді. Мұның бәрі өмірде өзіңнің межелеген мақсат-мұратыңа қол жеткізу сияқты. Барған сайын одан да зор жетістіктерге жеткің келеді

Өмірдің мәні – ол отбасың, шүбәсіз сенімің, сүйікті ісің. Мен сурет салмай, екі қолымды бос қойып, жұмыссыз отырғанымда өзімнің солған гүлдей халге түсетінімді байқаймын.

Мен қажетті, пайдалы іспен айналысып жүрмін деп есептеймін. Өйткені біз өз туындыларымыз арқылы адамдарға нұр, жылулық пен жан толғанысын сыйлаймыз. Менің ұстазым: «Егер суретті жабырқау көңіл-күймен салсаң, сол энергетиканы сол жерде қалдырасың және оны көрген адам да сол энергетиканы қабылдайды» дейтін. Сондықтан суретті бар сүйіспеншілігіңмен, жақсы көңіл-күймен сала білу аса маңызды.

Бақытты адам? Бұл ұлының әкесі. Ержан Танаев. Суретші. Барлық жерде бақытты болуға болады. Ара-тұра өзіңді жағдайы сенен де нашар біреумен салыстырып отыру қажет. Сонда сен ол адамға қарағанда әлдеқайда бақытты екеніңді түсінесің. Сайып келгенде, сен тірісің – бақыт деген осы.

(c) Ержан Танаев

Еще герои