Бұл менің кіндік туған жерім және мен мұнда бақыттымын.

Менің әкем әскери борышын Белоруссияда өткерген, сондықтан мен сол жерде дүниеге келдім. Алайда, бар өмірімді Қазақстанда өткізіп келемін.

Алғашқы арғымағыма отырғанымда мен үш жаста едім. Ол менің дог тұқымды итім болатын. Ол сондай биік, еңгезердей еді. Мен оның үстіне мініп алып, әрлі-бері жүргенде, құлақтарын бұру арқылы басқаратынмын. Бала күнімде цирк болсын, демалыс орны болсын, жалға берілетін аттарды айналып өтпейтінмін. Қайда көрсем де, міндетті түрде оларға мінбей қоймайтынмын.

Ата-анам ат мектебіне 11 жасымда әкелді. Өмірімдегі ең алғашқы, ең басты әрі ең маңызды бапкерім мені бәріне үйретті.

Бұл арғымақтардың жанында болсам деген асқақ арманымның орындалғаны болды.

Бүгінде қыз қуудан жарыстар өткізілмейді. Ол тек бәйге маусымының ашылуы мен жабылуында және ірі ат жарыстарында ғана көрсетіледі. Меніңше, бұған аталған спорт түрінен жарақат алу қауіпінің жоғарлығы себеп болса керек. Алайда, қыз қууды көрсету қажет, ол біздің салт-дәстүріміз. Ата-анам мен үшін қатты алаңдайды. Тіпті ат спортымен шұғылданудан бас тартуға көндірмекші болды. Бірақ мен бір бастасам, тоқтату қиын. Менің алған жарақаттарым көп. Әйтседе, олар менің арғымақтарсыз өмір сүре алмайтынымды бала күнімнен көріп келді. Сондықтан, маған қолдау көрсеткен оларға шексіз ризамын.

Менің мінезім аумалы-төкпелі. Нақ жылқы малынікіндей. Егер дәл кезінде өзімді тежей алмасам, алды-артымай қарамай құйғыта жөнелемін. Дегенмен, өз-өзімді ұстауға тырысамын. Аттар сені жақсы сезінеді. Сондықтан егер одан қорқар болсаң, ол сенімен ойнап, бой алдырмай қояды. Бұдан да бетер қорықсын деп. Қатал, күшті болумен қатар мейірімді, қайырымды бола білген жөн. Олардың аражігін сезіне білу аса маңызды. Ерке ат – бұл сенің ырқыңа бағына қоймайтын ат. Ал, бұл тоқтату оңай соқпайтын 600 кг салмақ.

Көздеріне қарасаңыз, тұтас дүниені көруге болады. Олар жай ғана жануар емес. Тіпті жануар деп айтуға аузың дауаламайды. Олар адамның достары.

Көңілім құлазып, өзімді нашар сезінгенде аттардың көмегіне жүгінемін. Алақаныңды жайып, алға тартсаң болды, ол жұп-жұмсақ мұрнымен қыдықтап, сипайды не иіскейді. Бірден сабырға келесің. Әрине, барлық мәселеңді шеше алмайсың. Бұл арада екінші кезең – оларды өткеру үшін өз бойыңнан күш-қуат табу. Егер менің қандай да бір мәселелерім болса, оны шешпей қоймаймын. Өмірдегі кез-келген мәселені.

Кейде бұл спортты тастап-ақ кеткім келді. Бір жылдай жеңіл атлетикаға ден қойдым. Алайда, тағдыр мені қайта айналдырып арғымақтарыма әкеле береді. Тіпті қазір мен ат спортында жоқпын, дегенмен университетте «өнімді жылқы шаруашылығы» мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Жылқылары бар жеке меншік фермамның болғанын қалаймын. Ол жерде шын пейілдерімен сол аттарға мініп, серуендегісі келетін балалар болатынына кәміл сенемін.

Жалғыздық үнемі жаман емес. Уақытында қасыңдағылардан бойыңды аулақ салып, ішкі жан дүниеңді, ойыңды тыңдай білу қажет.

Өмірдің мәні – бақытты бола білуде. Өмірге өзің қалай қарасаң, ол да саған дәл солай қарайды.

(c) Алия Тоқтасынова