Балалардың қалай ойнап, қандай нәтижеге қол жеткізіп отырғандарын көру үлкен ғанибет. Оған көмек бергенің үшін мақтанасың.

Мен 8 жасымнан құлындарды Наурыз мейрамын тойлау қарсаңында өткізілетін бәйге жарыстарға дайындап келдім. Кейіннен салмақ қостым да көкпарға ауыстым. Алғашқыда Қазақстанның тұңғыш чемпионатында Астананың жасөсіпірімдер құрамасы сапында өнер көрсеттім. Ол кезде біз қола жүлдегер атанған болатынбыз.

Қазіргі таңда мен Ақтаудың үлкендер құрамасы үшін ойнаймын және жасөспірімдер құрамасын жаттықтырумен айналысамын. Жаттықтырған маған ұнайды. Бүгінгі менің болмысымның қалыптасуына зор еңбек сіңірілді. Мен осыны өзгелерге беруім қажет. Өз тарапымнан азды-көпті қоса отырып.

Мен шабуылдаушы позициясында ойнаймын. Менің міндетім – серкені көтеріп, қазандыққа салу. Тура футболда Месси мен Роналда гол салғандай. Командадағы ең басты дүние – өзара түсіністік.

Біз мамыр айынан бастап қазан айына дейін ойнаймыз. Қалған уақытта арғымақтар дем алады. Ал біз болсақ артық салмақ жинап алмау үшін жаттығуларымызды спортзалдарда жалғастырамыз, жас тай-құнандарды дайындаймыз. Бір атты үйрету үшін екі жылдай уақыт кетеді. Әрқайсысының өзіне ғана тән мінезі бар. Егер күн сайын онымен бірге болсаң, ол сені түсіне бастайды.

Жаңа ойын маусымы басталғанда үй бетін көрмейміз. Күні-түні оқу-жаттығу жиындарында, ойындарда боламыз. Көбірек үйде, отбасыңмен бірге болғың келеді.

Балаларым кішкентай. Бірақ қазірдің өзінде олардың жылқыларға деген ерекше қызығушылықтарын байқаймын. Олардың да кішкентайларынан спортпен айналысқандарын қалаймын.

Отбасым кейде: «Болды. Жетеді енді! Спортты таста» дейді. Аяқтарымның жарақаты бар. Олар әсіресе қыс мезгілінде қатты сыр береді. Ондайда спорттық мансабым осымен аяқталды деп ойлайсың. Алайда, бір-екі ай өте қайта арғымақтарға аңсарым ауады.

Спортшыларды қошеметтеу кезінде менің атым аталғанда жанкүйерлер керемет қолдау көрсетеді. Олар дәл мен сияқты ойнау кез-келген қазақтың қолынан келе бермейді деп жатады. Бірақ, меніңше ерік-жігердің болуы жеткілікті.

Мен қазақша айтылғанның бәрін түсенімін. Алайда, өзім қазақ тілінде сөйлеуге қысыламын. Дегенмен, Қазақстанда тұрып жатқандықтан қазақ тілін білуге міндеттіміз деп ойлаймын.

Астанада көкпарға арналған жабық арена салынса деймін. Көкпар - маусымдық ойын. Қақаған аязда жаттығуға кез-келген шыға бермейді. Турнирларды да жиі өткізіп тұруға мүмкіндік туар еді. Сонда бұл спорт та дами түседі.

Қазақстанның Әнұраны шырқалғанда жүрегім тулап ала жөнеледі. Халық: «Алға, Қазақстан!» деп айғайлағанда қаным басыма шауып, барымды салып, жақсы өнер көрсеткім келіп кетеді.

Менің көкпармен айналысқаныма 16 жыл. Арғымақтардың арқасында көп нәрсеге қол жеткіздім: Қазақстан Республикасының спорт шебері атандым, халықаралық атаққа ие болдым. Бірнеше рет Қазақстанның ең үздік ойыншысы атанып, Қазақстан мен әлем чемпионаттарында үздік көкпаршы болып танылдым.

Көкпардың әлемдік дәрежедегі спорт түріне айналғанын қалар едім. Менің ойымша, халықаралық додалар неғұрлым көп өткізілсе, оған қатысқысы келетін елдер қатары да соғұрлым көбейе түседі. Бұл үшін қазір тіпті ережені жеңілдетті: қазандықтың орнына шеңбер сызылатын болды.

(c) Александр Пупенко

messages.main.other